Мұзафар Әлімбаев туралы қанатты сөздер..

Бірнеше буын ақындардың аттарын атасақ, олар: Тоқмағамбетов, Орманов, Тәжібаев… Молдағалиев, Шаңғытбаев, Әлімбаев, Жармағамбетов, Сейітов, Мәмбетов сияқты келісті, талантты ақындарымыз бар. Бұлар–қазақ совет поэзиясының көп ізденіп, өнерленіп өсіп келе жатқан тобы.
Қазақ поэзиясының табыскер талаптылары - осылар.
Мұхтар Әуезов

…Сіздің жалпы поэзияңыздан аңғарылатыны: онда халықтың ізгілігіне суарылған жалынды қуат-күш бар. Сіз халықтың тарихын, тілін де,нақыл сөздерін де жақсы білесіз, дәріптеп жинайсыз, зейініңізге тұтасыз. Мұндай заттың кездейсоқ еместігі әркімге мәлім.
Сіз әлі арыны басылмаған шабыстағы ақынсыз. Бергендеріңізге ризашылық білдіріп, келешегіңізге әлі де көп-көп үміт артамыз. Сіз ақырғы сөзіңізді әлі айтқан жоқсыз. Оны өзіңіз де орынды айтқан секілдісіз:
Ең жақсы өлеңімді,
Мен әлі жазған жоқпын…
Іздеймін керегімді,
Ішінде маздап оттың.
(Ілияс Омаровтың М.Әлімбаевқа жазған хатынан 21 қаңтар, 1973 ж.)


…Нақтылық, ойлылық, жинақылық - Мұзафар өлеңдерінің ең басты қасиеттерінің бірі.
Мұзафар - біздің із-өкшемізді басып келе жатқандардың ішіндегі ең бір ірі ақын. Оның өзіндік беті бар, қолтаңбасы бар. Әрбір өлеңін жарыққа шығарарда әрбір сөзі үшін күресетін, өзіне-өзі сыншылық жасайтын сарабдал ақын.
Лирик ақын Мұзафар Әлімбаев өлеңдерінен заманның эпикалық зор тынысы, мол құлашы сезіледі.
Сырбай Мәуленов

Мұзафар Әлімбаев - шынтуайтқа келсек, нағыз ғылымның адамы. Оның ғылымға тән таланты, миының зеректігі, асқан төзімділігі мен мүлде ерінбейтін еңбекқорлығы, уақытының көбін қағаз арасында, кітап ішінде өткізуі - бәрі де оның ғалымдық қасиетін айтып тұрған жоқ па?”
Ғафу Қайырбеков

Поэзияны, жалпы әдебиетті Мұзафардай бағалап, оны құдіреттің құдіреті деп ұғынатын адамды, ақынды қаламдас ағалардың арасынан мен әлі кездестіре қойғаным жоқ. Өз әріптестерінің шығармашылығын Мұзафардай қадағалап, қоймай, қомағайлана зерттеп отыратын ағайынды да әлі кездестірген емен.
Мұқағали Мақатаев

Powered by Drupal - Design by artinet