Қазақстан Үкіметі қолданыстағы Азаматтық

Қазақстан Үкіметі қолданыстағы Азаматтық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге, «Этиль спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы», «Темекі шегушіліктің алдын алу және оны шектеу туралы» және «Жарнама туралы» Заңдарға жарнама мәселелері бойынша өзгерістер енгізуді көздеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айталық, соңғы уақытта алкоголь өнімдерін, сондай-ақ өнімдердің бірнеше түрлері тіркелген тауар белгілері жарнамаларымен көлегейленген темекі мен темекі өнімдерін жарнамалауға тыйым салатын жағдайлар жиілей түскендіктен, заң жобасы тауар белгілерімен таңбаланған тауар белгілерін және тауарларды жарнамалауды ретке келтіруді көздейді.

Сонымен бірге «Жарнама туралы» Заңның 6-бабының 2-тармағына сәйкес жарнаманы міндетті түрде мемлекеттік және орыс тілдерінде тарату туралы талап бұқаралық ақпараттың басылымды құралдарына да қатысты. Алайда, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 3-бабы 1-тармағының ережелерін ескерсек, бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік тілден басқа, Қазақстан аумағында тұратын кейбір халықтардың тілдерінде де таралуы мүмкін. Осыған байланысты заң жобасында бұл проблеманы шешу де ұсынылған.

Қазақстанның жарнама туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді.

Заң жобасы бойынша Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті қорытынды әзірлейді. Ал Палатаның жалпы отырысында баяндама жасау міндеті ҚР Әділет министрінің бірінші орынбасары Р. Мұқашевқа жүктелген.

Біздің жарнама дегенде бар білеріміз- ол бір топтың немесе бір фирманың өнімінің жақсы жағын насихаттап, мақтайды деген үстірт түсінік қана. Егер тереңірек зер салып, үңіле түссек жарнама тарихының да өзіндік кезеңдері мен түрлері бар екенінінің куәсі боламыз. Ал, сонымен жарнама дегеніміз не?

Жарнаманың бір анықтамасы мынадай: «Жарнама- спектакль, концерт, лекция немесе көрермендерге арналған басқа да мәдени шаралар, спорттық жарыстар, ойын-сауықтар туралы хабарландырудың бір түрі.» (ҚСЭ.4. т) Сондай-ақ, екінші бір анықтамада: жарнама дегеніміз- белгілі бір фирма, тауар немесе қызмет түрі жайлы мағлұматтардың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялануы. Жариялануына қарай жарнама ақылы және жанама жарнама деп бөлінеді. Газет бетін сатып алып, жарнамалау ақылы жарнамалау деп аталады. Ал, өнімді ұсынушы адамның немесе фирманың көпшілік қауым мен бұқаралық ақпарат арасында болатын әртүрлі байланыстар жанама жарнамаға тән. Оның тиімді тәсілі мектепте қарттар үйінде, тағы басқа жерлерде фирманың өз өнімдерін тегін таратуы. Жанама жарнаманың басты үш функциясы бар.

1. Нарық базарында әйгілі болу

2. Фирманың беделін арттыру

3. Тығырыққа тіреген кезде өз беделін сақтап қалу

Жарнаманың жеке адамдарға керек хабарландыру, құлақтандыру, сақтандыру секілді түрлері болады. Мәселен: жекелеген адамдардың жоғалған, ұрланған құндылықтарын, құжаттарын жарнамалайды. Бұл сақтандыру немесе құжаттандыру түрі. Бүгінгі таңда белгілі бір кәсіпорынның өнімін жарнамалау өте кең тарап кетті. Ол үшін сол өнімнің қасиеттерін көрсетеді. Яғни ақпараттық сипаттағы жарнама болады. Құрылымдық жағынан жарнама суреттер арқылы безендірілетін және тек сөздерден тұратын жарнама болып бөлінеді. Жарнама БАҚ-тың барлық түрінде беріледі десек, соның бірі баспасөз бетінде.

Жарнама қазақ баспасӨзінде қашаннан бар?

Қазақтың мерзімді баспасөзі Қазақстанның Россияға қосылуының нәтижесінде пайда болды дейді баспасөз зерттеушілері. Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А.Құнанбаев сынды қазақтың біртуарлары қазақтың демократиялық публицистикасының негізін қалады. Қазақ халық ауыз әдебиеті мен ақын-жазушыларының шығармалары баспа жүзін көрді. Сөйтіп ХІХ ғасырдың 2-жартысында қазақ тілінде кітап, газеттер шыға бастады. Газет пайда болған соң публицистиканың түрлі жанрлары да пайда болды. Алайда, жарнаманың алғашқы таза нұсқасы қазақтың қай басылымында екенін кесіп айту қиын. Дегенмен, нағыз жарнаманың өзі болмаса да, соған ұқсас түрлері деп айтайық баспа бетінде жарияланып тұрды. Қандай да бір факті, деректі тексергенде немесе айтқанда сол дәуірдің тарихи оқиғаларына, хал-ахуалына мән беріп, сабақтастырып айту жас зерттеушілерге ескеретін нәрсе. Сол сияқты жарнама да өз мазмұнын ХІХ-ХХ ғасырдың өзгерістеріне байланысты өзгертіп отырды деуге болады. Мәселен, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ-ғасырдың басында мектептер салып, халықтың сауатын ашу саясаты жүріп жатты. Сол кездері де жаңа оқулықтар кітаптар шыға бастағанда, газетте «Жаңа кітаптар» айдарында «Дала уалаяты» газетінде (1888—1902) мынадай жарнама жарық көрді: «Жаңада қазақтар турада бір кітап шығып сатылып жүр. Сол кітапта Орал жағының қазақтарының шежіресі бар, онан соң қалай орыстармен араласып бар, «жазған Алекторов» деген. Сол кітапты білімді, ғылымды қазақтар алып оқыса пайдалы. Ата-бабасының қалай жүріп, қалай түзеле бастағанын біледі. Сол кітаптың қағазы аз, бағасы 35 тиын. Астрахан губерниясының «Ханская ставка» шаһарында сатылса керек» (ДУГ 1890., № 30) деп Д. Высоков қол қойған. Ал «Торғай» газетінде: «Жақында Торғай облысында орысша оқудың қазақ арасында көбейгенінен сөйлейтін һәм Торғай облысының картасы бар жаңа кітап басылып шықты. Шығарған Васильев, аламын деушілер оны шығарған Торғай облысының военный губернаторының кеңсесіндегі советник Васильевке барсын»- деп жазылған жарнама жарияланған. Сондай-ақ «Айқап» журналында (1911-1915) да «Жаңа шыққан кітаптар»деген тақырыпта: «Жастық жемістері» қазақша өлеңмен басылған. Шығарушысы «Айқап» оқушыларына белгілі Әкірам Ғалымов. Ішінде әдемі-әдемі өлеңдер бар. Өлең оқуды сүюшілердің алып оқулары тиіс; Ұмытылған «Қалқаман-Мамыр» қазақ тілінде тарихи хикая. Шәкерім Құдайбердіұғлы. Бұл кітапта қазақта мұнан 190 жыл бұрын болып өткен бір уақиғаны қисса қылып өлеңменен жазылған. Оқушыларына әсерлі-көркем кітап. Алдырушылар Семипалатта «Ярдам» кітапханасынан алдыруға болады»-деген хабарландыру жарнамалар берілген. Дәл осындай жарнамалар журнал бетінде көптеп жарияланған. Міржақып Дулатовтың «Эсперанто тілі» («Айқап» 1913., № 9) деген материалы таза жарнамаға жатпаса да ол материалда жарнаманың кейбір элементтері ұшырасады: «Біздің заманымызда мәшһүр доктор Заменгоор деген жер жүзіндегі халықтарға бірдей ортақ «эсперанто тілін» ойлап шығарды. Бұл тілдің оңайлығы сонша: егер бірнеше ай көңіл беріп үйренген кісі өзінің ана тіліндей болып шығады», — деп айтып келеді де кітаптың бағасына тоқталып, доктор Заменгоорттың мекен-жайын келтіреді, — «Егер тұрған шаһарларыңызда «эсперанто» кітаптары табылмаса өз адресі мынау: г. Варшава. ул. Дикая № 9 Д-ру Л. Заменгоору».

Міне бұл алғашқы қазақ газеттеріндегі жарнаманың берілуі. Осы күнгі жарнамаға ұқсас жақтары басым деуге болады.

Powered by Drupal - Design by artinet