Нарыктык экономика

1. Кіріспе

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 – 2009 жылдарға арналған қызметі ел Президентінің 1997 жылғы 10 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында баяндалған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын іс жүзінде іске асыруға бағытталатын болады.

Қазақстан Республикасы Үкіметі бағдарламасының басым бағыттары ел Президентінің 2006 жылғы 1 наурыздағы «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» (Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы) және 2007 жылғы 28 ақпандағы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына жолдауларының, Қазақстан Республикасының 2007 – 2024 жылдарға арналған орнықты дамуға көшу тұжырымдамасының негізінде қалыптастырылды.

2. 2006 жылдың қорытындыларын және экономиканы дамыту үрдістерін талдау

2006 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі отандық экономиканың тұрақты өсуі мен дамуын қамтамасыз етуге, халықтың әл-ауқатының деңгейін арттыруға, экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға, елдің әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жұмысты жалғастырды.

2006 жылы өткен жылдардағы сияқты экономика өсуінің жеткілікті түрде жоғары қарқыны сақталды. Бұл ретте 2006 жылы экономика 2005 жылға қарағанда неғұрлым жедел қарқынмен дамыды.

2005 жылы экономика өсуінің қарқыны нақты мәнде 9,7 %-ті құрады.
2006 жылы ЖІӨ-нің көлемі 9,7 трлн-нан астам теңгеге жетті, ал нақты өсім болжамды мәннен 2,1 проценттік пунктке артып, 2005 жылдың деңгейіне қарағанда 110,6 %-ті құрады. Халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ мөлшері 2006 жылдың қорытындылары бойынша 5046 АҚШ долларын құрады, бұл
2005 жылдың көрсеткішінен 1,3 есеге жоғары.

Нақты жағдай Қазақстанның 2010 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық жоспарында қойылған ЖІӨ-ні
2000 жылдың деңгейіне қарағанда екі еселеу жөніндегі міндет 2008 жылдан кешіктірмей орындалатын болады.

Өнеркәсіптік өндірісі көлемінің өсімі 2006 жылы 2005 жылмен салыстырғанда 7%-ті, өңдеуші өнеркәсіпте – 7,3 %-ті, тау-кен өнеркәсібінде –
7 %-ті құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің өсімі 2006 жылы өткен жылмен салыстырғанда 7 %-ті құрады. Көлік қызметтері 5 %-ке, байланыс қызметтері 20,4 %-ке, құрылыс жұмыстарының көлемі 20,1%-ке ұлғайды. Негізгі капиталға инвестициялардың көлемі 10,6 %-ке ұлғайды.

Сыртқы сауда айналымы 2006 жылы 37%-ке, оның ішінде экспорттың көлемі 37,3 %-ке, импорт 36,4 %-ке өсті.

Еңбек нарығында халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін және жалақы деңгейін одан әрі арттыру байқалды. Жұмыссыздардың саны 2,4 %-ке азайды. Жұмыссыздық деңгейі 2005 жылмен салыстырғанда 0,3 проценттік пунктке азайды және 7,8 %-ті құрады. Халықтың нақты ақшалай кірістері 10,7 %-ке өсті. Орташа айлық жалақы экономикалық қызметтің барлық түрлері бойынша
2006 жылы 40775 теңгеге жетті және нақты мәнде 10,2 %-ке ұлғайды.

Қаржы нарығы экономиканың ең серпінді дамып келе жатқан секторларының бірі болып табылды. Ел экономикасына тартылған кредиттердің көлемі 2006 жылы 2005 жылмен салыстырғанда 82,7 %-ке ұлғайды және 4,7 трлн. теңгені құрады. Резиденттердің екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерінің жалпы көлемі 2006 жылы 2005 жылмен салыстырғанда 88,4 %-ке – 3,1 трлн. теңгеге дейін ұлғайды.

2006 жылы инфляциялық әлеуеттің ұлғаюын болдырмау және экономиканың «қызып кету» қаупін төмендету үшін ақша-кредит саясатын қатаңдату жөнінде шаралар қабылданды. Есепті кезеңде қайта қаржыландырудың ресми ставкасы екі рет: 2006 жылғы 1 сәуірден бастап –
8,0 %-тен 8,5 %-ке дейін, 1 шілдеден бастап 9,0 %-ке дейін арттырылды. Екінші деңгейдегі банктерден тартылатын депозиттер бойынша ставкалар 3,5 %-тен
4,5 %-ке дейін кезең-кезеңімен ұлғайды. Қысқа мерзімді ноталар бойынша кірістілік 2005 жылдың аяғындағы 2,24 %-тен 2006 жылдың аяғында 4,76 %-ке дейін өсті.

Алайда, қабылданған шараларға қарамастан, 2006 жылы инфляция деңгейі 2005 жылдың орташа жылдық көрсеткішінен 1 проценттік пунктке
(7,6 %) және 2006 жылға жоспарланған шаманың жоғары шегінен 6,9 – 8,5 % дәлізінен 0,1 проценттік пункт артып, айтарлықтай жоғары деңгейде – 8,6 % болып қалыптасты.

Теңгенің АҚШ долларына орташа өлшемді биржалық айырбас бағамы бір жылда номиналды мәнде 5,06 %-ке нығайып, 2006 жылы орта есеппен 1 АҚШ долларына 126 теңгені құрады.

Бағалы қағаздар нарығын дамыту, оны халықаралық капитал нарығымен кіріктіруді қамтамасыз ету, елдің экономикасына инвестициялар тарту мақсатында Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы, сондай-ақ оның қызметін реттейтін Агенттік құрылды.

Ұлттық қордың активтері жыл басынан бастап 74,5 %-ке ұлғайып, 2006 жылғы 31 желтоқсанда 14,1 млрд. АҚШ долларын құрады. Алтын-валюта резервтерінің көлемі оларды есепке алғанда 33 млрд-тан астам АҚШ долларына жетті.

Зейнетақы жинақтарының көлемі 2006 жылы 2005 жылмен салыстырғанда 40,3 %-ке ұлғайды және 909,7 млрд. теңгені құрады.

2006 жылдың ішінде мемлекеттік бюджетке түсетін кірістер түсімінің жоспарын тұрақты түрде асыра орындау байқалды. Мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер жоспардан 6,5 %-ке артып, 2,54 трлн. теңгені құрады, шығыстар 2,39 трлн. теңге сомасына немесе жоспардың 98,6 %-іне жүргізілді. Жоспарланған 136,4 млрд. теңге тапшылық кезінде іс жүзінде 81,6 млрд. теңге сомасында профицит қалыптасты.

Тұтастай алғанда Қазақстан экономикасының перспективаға серпінді және қарышты дамуын қамтамасыз етуге ықпал ететін оң алғышарттар байқалды.

3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық мақсаты

Үкімет қызметінің орта мерзімді кезеңдегі стратегиялық мақсаты орнықты даму принциптерінің негізінде елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.

Үкімет күш-жігерді Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін және оның азаматтарының өмір сүру сапасын арттыру үшін қолайлы институционалдық және экономикалық жағдай жасауға барынша бағыттайды.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламасының мынадай басым бағыттары белгіленген.

4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламасының басым бағыттары

Мақсаты

Мемлекеттік жоспарлаудың стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым міндеттерін іске асыруға бағдарланған тұтас және тиімді жүйесін қалыптастыру.

Міндеттері

1. Мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдаудағы дербестігін және олардың түпкілікті нәтижелерге (мақсатты индикаторлар) қол жеткізуге жауапкершілігін арттыруға бағытталған бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге және ұстауға жаңа тәсілдерді көздейтін мемлекеттік жоспарлау жүйесін әзірлеу және енгізу.

2. Мемлекеттік жоспарлаудың қисынды жігін құру: мемлекеттік мақсаттар – мемлекеттік органдардың стратегиялық мақсаттары – тактикалық міндеттер – іс-шаралар – ресурстар – бюджет.

3. Мемлекеттік органдар қызметінің және олардың бюджет қаражатын пайдалануының ашықтығын және қоғамның бақылауында болуын қамтамасыз ету.

4. Мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру бөлігінде мемлекеттік статистика жүйесін жетілдіру.

Шешу жолдары

Үкімет экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің сапалы жаңа деңгейіне және экспорттық мүмкіндіктеріне қол жеткізу стратегиясын әзірлейді және Бәсекеге қабілеттілік пен экспорт жөніндегі ұлттық кеңес құрады.

Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі әзірленетін және енгізілетін болады.

Бұл әрбір мемлекеттік органның өзінің дамуының стратегиялық жоспарын (5 жылға арналған) және оның негізінде мемлекеттік органдардың мақсатты бағдарламаларын, операциялық (жылдық) жоспарларын әзірлеуін көздейді. Үкімет пен мемлекеттік органдардың басшылары арасында нысаналы индикаторларды белгілей отырып, үш жылдық кезеңге арналған меморандум жасалатын болады. Жыл сайын мемлекеттік органдардың қызметі туралы есептер жарияланатын болады. Өңірлерде осыған ұқсас жүйе енгізілетін болады.

Мемлекеттік жоспарлауға жаңа тәсілдер енгізу кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. 2007 – 2008 жылдары олар екі-үш пилоттық мемлекеттік органдарда және екі пилоттық өңірде енгізілетін болады. 2009 жылдан бастап барлық мемлекеттік органдар мен өңірлердің мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне көшуі жоспарланып отыр.

Жоспарлаудың жаңа жүйесін іс жүзінде іске асыру үшін тиісті нормативтік құқықтық база жасалатын болады.

Мемлекеттік жоспарлаудың қисынды жігін құру үшін мыналар жүзеге асырылатын болады:

мемлекеттік органдардың дербестігі мен қызметтің нәтижелеріне жауапкершілігін күшейтетін Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясатын іске асырудың негізгі құралы ретінде мемлекеттік органдарда стратегиялық жоспарлау жүйесіне көшу;

мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары міндеттерінің бюджеттік бағдарламалармен, ал жоспарлардың міндеттерін шешуге бағытталған іс-шаралардың бюджеттік бағдарламалардың кіші бағдарламаларымен, мемлекеттік органдар қызметінің аралық және түпкілікті нәтижелерін бағалаудың сандық және сапалық көрсеткіштерінің жүйесін әзірлеумен байланысуы;

мемлекеттік орган қызметінің жоспарланған жылға арналған жоспары туралы баяндамасын стратегиялық жоспарлардың негізінде қалыптасқан және мемлекеттік органдардың стратегиялық мақсаттарын болжамды шығындармен байланыстыратын бюджеттік өтінімнің құрамдас бөлігі ретінде практикаға енгізу;

мемлекеттік органдардың жоспарларын әзірлеу және іске асыру кезінде, мемлекеттік жоспарлауға жаңа тәсілдер енгізуді ескере отырып, олардың дербестігі мен жауапкершілігін күшейту;

мемлекеттік органдардың нақты стратегиялық нысаналы индикаторлар жүйесін әзірлеуі;

мемлекеттік стратегиялық мақсаттар мен тиісті түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу мониторингінің жүйесін енгізу.

Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне көшкенге дейін қолданыстағы бағдарламалық құжаттарды біріктіру, қысқарту және жекелеген міндеттерді шешуді мемлекеттік органдардың деңгейіне беру жолымен оларды оңтайландыру жүргізілетін болады.

Мемлекеттік органдар қызметінің және олардың бюджет қаражатын пайдалануының ашықтығын және қоғамның бақылауында болуын қамтамасыз ету үшін мыналар жүзеге асырылатын болады:

мемлекеттік органдар қызметін және олар іске асыратын бағдарламаларды үкіметтік емес ұйымдар (қоғамдық бірлестіктер) мен халықтың мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасы туралы пікірлерін ескере, осы бағалау нәтижелерін міндетті түрде жариялай және мемлекеттік органдардың алдағы жұмысын жақсарту үшін ұсынымдар әзірлей отырып, түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу мәніне бағалау институтын енгізу;

бюджеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижелеріне, олардың ашықтығына және бақылануына уақтылы қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік сатып алуды жүргізу рәсімдерін жетілдіру;

мемлекеттік жоспарлау және оны іске асыру сатысында еңбек өнімділігін арттыру үшін бюджеттік жоспарлау және бюджетті атқару рәсімдерін ықпалдастыру мақсатында қолданыстағы ақпараттық жүйелерді оңтайландыру және жаңғырту.

Мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру бөлігінде мемлекеттік статистика жүйесін жетілдіру үшін мемлекеттік органдардың стратегиялық және операциялық (жылдық) жоспарларын, олардың нысаналы бағдарламаларын орындау процесінде нысаналы индикаторлар жетістіктеріне статистикалық қадағалауларға негізделген мемлекеттік статистикалық есептілік енгізілетін болады.

Powered by Drupal - Design by artinet