Нарыктык экономика

Журналист қауым оқырманы, тыңдарманы, көрермені қуанса қуанып, ренжісе күрсінетін ерекше топ. Яғни халық пен билік арасында алтын көпір қызметін атқара жүріп, биліктің ниетін халыққа, халықтың мүддесін билікке жеткізуді мұрат еткен бұл мамандық иелері қашанда жақсылықтың іздеушісі. Бәлкім, содан да болса керек, сайлау аяқталып, нәтиже белгілі болған соң осы жеңімпаз «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бағдарламасына қайтадан үңілдік. Сонда көзге түскені көп, бірақ назарды өзіне ерекше аудартқаны – партия бағ­дарламасындағы 2012 жылға дейін жан басына шаққандағы ұлттық жал­пы ішкі өнім мөлшерін 13 мың долларға жеткізіп, халықтың орташа жалақысын екі есе өсіреміз, деген уәде. Біздің білетініміз – партия жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаев айтқан сөз бен істің арасында алшақтық болмайтындығы. Демек, «Нұр Отан» партиясының бұл уәдесі орындалатынына қазірдің өзінде сене беруге болады.
Ескеретін бір жайт, жалақының өсімі жағынан, ішкі жалпы өнімнің мөлшері жағынан, құдайға шүкір, қазір де жақсы жағдайдамыз. Бірақ сол жалақы, зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы дегендер былай тартсаң, былай жетпей әуре-сарсаңға салады. Үкіметіміздің жасаған жақсылық­тарының басым бөлігі құмға құйған судай, ізім-қайым із қалдырмай жоға­лып жатады. Жоқ. Ол жоғалмайды. Ол бар болғаны, бір қалтадан келесі қалтаға, дәлірек айтқанда, нақты иесінің қалтасынан базардағылар қалтасына ауысып жатады. Экономикасы тұрақты түрде өсіп бара жатқан елде соған пропорционалды түрде инфляция шегінуге тиіс. Мұны айтып отырған – біз емес, нарықтық экономиканың заңдары. Ал бізде бәрі өсіп жатыр. Экономика өсімі шамамен 10 пайыз, жалақы өсімі де содан кем емес. Инфляция болса, осы екі өсімнен қалыспай келеді. Мінеки, парадокс қайда?
Инфляцияны тежеп, жалақы өсімін халыққа әсерлі жағдайға жеткізуге бола ма? Әрине, болады. Өйткені біздегі инфляция жоқтықтың инфляциясы емес, сауатсыз алыпсатарлардың қолдан жасап отырған «дүниесі». Мәселен, Алматыдағы тұрғын үй шаршы метрінің бағасында шамамен 8-9 есе артық қосымша құн жүр. Нарықтық экономика жолымен сауатты жүріп бара жатқан елдерде мұндай «Шымкентсауда» жоқ. Ал Үкімет болса, нарықтық экономика жағдайында «баға мынадай болсын» деп нақты нұсқау бере алмайды. Сонда не істеу керек? Әрине, іздегенге мұның жауабын табу оңай. Қажет болса, нақты қарапайым ари­фметиканы пайдаланып, ойымызды дәлелдеп көрейік.

Қосымша құнға салық үдемелі сипатта болсын
Біздегідей инфляция еш елде жоқ. Өйткені ол мемлекеттерде баға нарықтық экономика тетіктері бойынша реттеледі. Мәселен, қосымша құнға салық табыс табушының «қомағайлығына» жол бермейтіндей деңгейде белгіленеді. Біз басқа елдерді қоя тұрып, өзіміздегі жағдайды көзге бір елестетіп көрейікші. Бізде дәл бүгінгі таңда қосымша құнға салық жалпыға бірдей 14 пайыз, тауарыңның өзіндік құнына 10 теңге қосып сатсаң да, төлейтінің 14 пайыз 100 теңге қосып сатсаң да төлейтінің 14 пайыз. Мәселен, 100 теңге тұратын тауарды 110 теңгеге сатсаң, мемлекетке қосымша құнға салық ретінде төлейтінің 1 теңге 40 тиын, ал соны 200 теңгеге сатсаң төлейтінің 14 теңге. Алғашқысында пайдаң – 8 теңге 60-ақ тиын. Соңғысында ол – 86 теңге. Әрине, көзі тоймайтын саудагер 86 теңге пайда табу үшін жанын салып бағады. Мінеки, Алматыдағы үй бағасының шарықтап өсуіне осылайша жол беріп отырған өзіміз болып шығамыз. Бұдан сауаттылықпен құтылудың жолы бар ма? Иә, бар. Кестеге көз салыңыз
Осы кесте арқылы Лаффер қисық сызығының дұрыстығын қосымша құнға салықты қатыстыра отырып, дәлелдеп шықтық-ау деймін.
Бұл кестеден не ұғуға болады? Мұны түсіну онша қиын емес. Оннан тоқсанға дейінгі алғашқы бөлікте біз қосымша құнның тауар бағасындағы мөлшерін пайыз есебімен белгіледік. Яғни, тауар баға­сында қосымша құн 10 пайыздан 90 пайызға дейін жүрсін, деп шартты түрде қарастырдық. Кестенің екінші бөлігіндегі оннан тоқсанға дейінгі сан – қосымша құнға салықтың тиісінше үдемелі пайыз мөлшерін көрсетеді. Яғни, тауар бағасында қосымша құн 10 пайыз болса, мемлекетке он пайыз қосымша құн салығын төлейсің. Егер қосымша құн тауар бағасында 90 пайыз болса, төлейтін салығыңның мөлшері 90 пайыз. Осы жолмен есептегенде, 100 теңге тұратын тауарға 10 теңге қосымша құн қосып сатқан жағдайда саудагер мемлекетке қосымша құнға салық ретінде 1 теңге ғана төлейтін болып шығады. Ал тауар бағасында қосымша құн 90 пайызға жеткен жағдайда мемлекет саудагер төлейтін қосымша құн салығы нақты теңгеге шаққанда 81 теңгені құрайды. Бұдан шығатын қорытынды – тауарыңды 90 пайыз қо­сымша құнмен сату саудагерге 10 пайыз қосымша құн қосқандағымен бірдей ғана пайда әкеледі деген сөз. Мұндай жағдайда саудагер сата­тын тауарына ең көп дегенде 50 пайыздан артық қосымша құн қоса алмайтын болады. Яғни Алматыдағы тұрғын үйдің шаршы метрі дәл қазіргідей 4 мың доллардан 12 мың долларға дейін аралықта адамның жүрегін айнытатындай мөлшерді көрсетпейді. Бар болғаны, өзіндік құны 1000 доллар тұратын шаршы метр бағасы 1500 доллардан әрі аспайды. Себебі, алыпсатарға түсетін пайда қайтадан төмендеп кетеді. Мұндай жағдайда негізгі ойыншы алыпсатардың бағаны көтеріп, «жыны бар ма?». Міне, қосымша құнға салықты осылай реттей отырып, «екі қоянды бір оқпен ататын» жағдайға жетеміз. Біріншісінде – инфляция шегінеді, екіншісінде – қалың бұқараның әлеуметтік жағдайының оңалуына жағ­дай туғызылады. Бұл жеңімпаз партияға бірінші аманат.

Екінші аманат
Жалпы алғанда жеңімпаз партия сайлауға қатысқандардың 88 пайыздан астамының қолдауына ие болыпты. Ал сайлауға сайлау құқы бар азаматтардың 65 пайызы қатысқан. Алдағы сайлауда осы жеңістерін баянды ету үшін жеңімпаз партия сайлауға қатыспаған 35 пайыздың да, сайлауда басқаларды қолдаған 12 пайыздың да мүддесін ойлауы керек. Демек, «Нұр Отан» көтерер жүк ауырлай түседі. Егер мәселеге осы тұрғысынан келетін болсақ, онда ең алдымен «Нұр Отан» елімізде орташаның қалыптасуы үшін күресуге тиіс. Дәл қазіргідей ішкі рынок үшін жұмыс істеп жатқан орта және шағын кәсіпкерлерге акциз салығы, жалпыға бірдей 10 пайыздық табыс салығы жұмыс істей беретін болса, орташаны қалыптастыру мүмкін емес екені экономикалық заңдылық. Ал нарықтық экономика елдерінде орташа деп аталатын тап мемлекеттің тірегі және ол жалпы тұрғындардың 60-70 пайызын құрауы тиіс. Келесі сайлауға дейін елімізде ең болмаса, 40 пайыздай орташа тап қалыптас­тырып алмасақ, ел сенімін арқалаған партияның барлық еңбегі зая кет­кені. Демек, «Нұр Отан» партиясы ішкі рынок үшін жұмыс істейтін импорт алмастырғыш өнім шығаратын шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау үшін олардан акциз салығын мүлде алып тастауға, ал ол қолдан келмей жатса оны мейлінше ықшамдауға қол жеткізуі керек. Сондай-ақ жеке азаматтарға табыс салығы бұрынғысынша үдемелі кесте бойынша, яғни 5, 10, 15, 20 пайыздық көрсеткіштермен белгіленуі тиіс. Бәлкім, та­быс салығы ұсталмайтын мөлшерді кемі 50 мың теңгеге дейін көтеруі ке­рек шығар. Осылай істемейінше орташа қалыптаспайды. Өйткені орташа дегеніміз – баспанасы, бірнеше жеңіл машинасы, саяжайы бар және ауырып-сырқай қалғанда емделу шығынына қиналмайтын, жылдық демалыстарын дұрыстап өткізе алатын, бұларға қоса бірнеше компаниялардың акцияларын иемденіп, жұмыстан шыға қалған жағдайда өзін-өзі кем 3 жыл акция дивиденттерімен асырай алатын топтағылар. Бұл – бүкіл әлем мойындаған нарықтық экономика ғұла­малары белгілеген мөлшер. Ал мұндай мөлшерді 100 мыңдық жала­қымен («Нұр Отан» партиясының бағдарламасы бойынша қазіргі 52 мың теңге көлеміндегі жалақы екі есе өсуі керек) қамтамасыз ету мүмкін емес. Жалақыны екі еседен артық өсіруге тағы болмайды. Демек, бұ­қараның осы екі есе өскен жалақысынан шығыны аз болатын жағдай жасамайынша, орташа тапты қалыптастыра алмайтынымыз өзінен-өзі түсінікті.

«Нар жолында жүк қалмайды» деп халқымыз бекерге айтпаған. Ал дәл қазір біздің көріп тұрған нарымыз – «Нұр Отан» партиясы. Демек, жеңімпаз партия толып жатқан шешуге тиісті мәселелермен қоса халықтың, дәлірек айтқанда, қалың бұқараның қалтасынан шығатын шығынды азайту жағын да бірге қарастырса, 2012 жылғы сайлауда сайлаушылар үшін бұдан артық партия болмас. Ал ол сайлаудың жағдайын бүгін ойламасақ, 2012 жылы кеш болуы әбден мүмкін.

Powered by Drupal - Design by artinet