тауар өндірісі

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті 18-ші пленарлық отырысы өтті. Отырыстың басты тақырыбы Қазақстанның тұрақты дамуы және қоршаған ортаны қорғау мәселелері болды.

Кеңестің құрамы халықаралық қаржы ұйымдары мен шетелдік компаниялардың бірінші басшыларынан жасақталады. Бүгінде Кеңестің құрамына 21 шетелдік компа­ния кіреді. Қазақстан Республикасының Президенті басқаратын Шетелдік инвесторлар кеңесі консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Екі отырыс аралығында Кеңес құрамында бірқатар өзгерістер болған екен. Мемлекет басшысы алдымен солардың аты-жөндерін атап, табыстар тіледі. Содан кейін Қазақстан Президенті күн тәртібіндегі тақырыпқа байланысты сөз сөйледі.

Осы жылы біз Қазақстанның 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімге арналған Даму стратегиясының 10 жылдығын атап өттік, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өткен кезеңде Қазақстан қарқынды экономикалық дамуға қол жеткізді. Соңғы бес жылда ел экономикасының әр жыл сайынғы өсімі 10 пайызды құрады. Экономиканың жедел қарқынмен өсуі бізге 2008 жылы ІЖӨ-ні екі есе, ал 2015 жылы үш есе арттыруды жоспарлауға мүмкіндік береді. Экономиканың өсуі тауар өндірісі және шикізат секторларында да байқалып отыр.

Елбасы бұдан кейін Шетелдік инвесторлар кеңесінің рөліне тоқталды. Мемлекет басшысының атап өткеніндей, Шетелдік инвесторлар кеңесі экономиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Кеңес мүшелері экономиканы инвестициялаумен қатар, қоршаған ортаны қорғауда тәжірибе алмасуға да септігін тигізеді. Бүгінгі тақырып Қазақстан үшін өте маңызды болып табылады. Қазақстан жасыл желекке бөленген, суы тұнық, ауасы таза ел болуы тиіс. Елдің ұзақ мерзімге арналған стратегиясында осы көрсетілген.

Біз 1991 жылы халықтың денсаулығы мен табиғат экологиясына қауіп төндірген Семей ядролық сынақ полигонын жаптық, деді әрі қарай Елбасы. Қазақстанның ядро­лық қарудан бас тартып, оны таратпау жөніндегі ұстанымы еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген ұмтылысынан бастау алған. Өнеркәсіп өндірісі артып, одан ауаға бөлініп шығатын заттар көбейгенімен, зиянды заттардың көлемі азайып келеді. Ол 1990 жылғы 4,70 миллион тоннадан өткен жылы 3 миллион тоннаға төмендеді. Балқаш көлінің, Ертіс пен Жайық өзендерінің ластану индексі 7-ге дейін азайды.

2007 жылы ТМД елдері арасында бірінші болып Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі қабылданғанын атап өткен Елбасы мемлекетіміздің алдында тұрған экологиялық міндеттерді ортаға салды. Мемлекет басшысының атап көрсеткеніндей, Қазақстан 2010 жылға қарай қоғамды орнықты дамытудың негізгі экологиялық стандарттарын құруды міндет етіп қойып отыр. Бұл өнеркәсіпте, құрылыста, энергетикада, көлік салаларында қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша қатал талаптар белгіленетінін көрсетеді. Өйткені, пайдаланатын судың 20 пайыздан астамы тасымалдау кезінде ысырап болады. Сондай-ақ электр энергиясының 30 пайызға жуығы тиімсіз пайдаланылады. Сондықтан, деді Мемлекет басшысы, еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін, бірінші кезекте табиғи ресурстарға аяушылықпен қарауға қол жеткізу қажет. Суды, шикізатты, энергияны үнемдеу біздің менталитетіміздің, өндірістік және тұрмыстық мәдениетіміздің элементі болуы тиіс. Егер шетелдік инвесторлар осы мәселелерде оңды үлгі көрсетер болса, біз қуана құптайтын боламыз.

Мемлекет басшысы Үкімет тарапынан дайындалып, бекітілген құжаттардан да хабардар етті. Осыған байланысты Үкімет қаулысымен тұрақты дамудың 2024 жылға дейінгі біртұтас мақсатты көрсеткіштері қабылданды. Бұл көрсеткіштерді барлық деңгейдегі басқару органдары қолдауы қажет. Үкіметтен барлық салалық және өңірлік бағдарламалар міндетті тәртіппен есептеліп, тұрақты дамытудың қағидалары табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, ол демографиялық саясатқа сәйкес келуі керек. Мемлекеттік органдардың дайындаған барлық заң жобалары мемлекеттік экологиялық сараптаудан тиісінше өткізілуі тиіс.

Сондай-ақ ірі шетелдік инвесторлар Қазақстандағы өз кәсіпорындарын тұрақты дамытуға көшердегі бағдарламаларын дайындауда Қазақстанның Таза өндіріс стратегиясына сәйкес жасайды деп есептеймін, деп жалғастырды сөзін Елбасы. Біз “Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы” бағдарламасын жүзеге асыру аясында маңызды жобаларға басымдық беретін боламыз. Қазақстан күн энергиясы деңгейі бойынша әлем елдерінде ең “қамтамасыз” етілген елдердің бірі болып табылады. Бізде жел энергиясын пайдаланудың үлкен мүмкіндіктері бар. Біздің шағын өзендерге гидроэлектр стансасы құрылысын салуға да болады. Сондықтан Үкімет шетелдік инвесторлармен бірлесе отырып, баламалы энергия көздерін дамыту жөнінде белсенді жұмыс жүргізуі тиіс. Елбасы сондай-ақ Үкіметке халық­аралық тәжірибелерді есепке алу арқылы Қазақстанда экологиялық салық енгізу жөнінде ұсыныс дайындау қажеттігін ескертті. Осыған байланысты Шетелдік инвесторлар кеңесі мүшелерінен тиісті заң жобаларын дайындауға қатысуды өтінді.

Қазақстанда экологиялық проблеманың түзілімі дайындалған. Біз әлемдік қоғамдастыққа Қазақстанның тәжірибесі бойынша Бүкіләлемдік экологиялық проблемалар түзілімін құру туралы ұсыныспен шықтық, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінде әлемде жекелеген елдер өз күшімен қалыптасқан экологиялық проблемаларды шеше алмайды. Бұған мысал ретінде Президент Арал теңізін келтіріп, оның зардабын бүкіл Орталық Азия аймағы тартып отырғандығын, Аралды қорғаудың халықаралық қоры құрылғандығын айтып берді. Арнайы жобаны жүзеге асыру есебінен біз Кіші Аралды қалпына келтірдік, деді Мемлекет басшысы. Аралды құтқару қорына БҰҰ-ның институты мәртебесін беруді ұсындық. Сондықтан біз Астана қаласында Еуразиялық су орталығын құру туралы шешім қабылдадық. Каспий теңізі ерекше назар аударуды қажет етеді. Мұнда мұнай өндіру жұмыстары теңіздің кіші суларында жүргізіледі. Қазақстан Үкіметі тиісті мемлекеттік органдармен және барлық деңгейдегі әкімдермен бірлесе отырып, осы аймақтың экологиялық жағдайларына қатаң мемлекеттік бақылау орнату үшін барлық шараларды қолдануы қажет.

Мемлекет басшысы елдегі экологиялық проблемаларға байланысты 2008 жылдан бастап мұнай компанияларының арасында қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша “Жасыл Мұнай – Зеленая Нефть” мемлекеттік сертификатына ие болуға конкурс өткізуді ұсынды. Сонымен қатар, орманды өрттен және заңсыз кесуден қорғаудың нақты шараларын қабылдауды, республикада орман алқаптарын кеңейту қажеттігін атап көрсетті. Осыған орай Елбасы шетелдік инвесторларға Қазақстан бойынша кең көлемде жүзеге асырылып жатқан “Жасыл ел” акциясының орны бөлек екендігін мысалға келтірді. Соңғы жеті жылда Астана қаласының маңайындағы 50 мың гектар алқапқа ағаш отырғызылып, бүгінде елорда төңірегі жасыл орманға бөленіп келеді.

Елбасының назарынан Алматы қаласының экологиясы да тыс қалмады. Президенттің атап өткеніндей, Алматы, басқа да еліміздің ірі қалалары автокөліктерден шыққан газбен тұншығуда. Мемлекет басшысы Үкіметке көлік құралдары пайдаланатын отынды экологиялық жағынан тазартуға қатысты нақты шаралар қабылдау қажеттігін тапсырды. Қазақстанның экологиялық көрсеткіштерін жақсартуға қол жеткізуде әлі көп жұмыстар атқаруға тура келеді. Біз 2005 жылы әлемдік экологиялық тұрақтылық индексі бойынша 75-ші орында болсақ, ал 2006 жылы 70-ші орынға көтерілдік, деді сөзінің соңында Қазақстан Президенті. Біз бәсе­кеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруге ұмтылып отырмыз. Бұл мақсатқа жетудің бір тармағы бүгін біз талқылап отырған мәселе. 2010 жылы Азия-Тынық мұхиты елдері тұрақты даму жөніндегі министрліктер конференциясын Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылдады. Ал 2011 жылы бізде ТМД, Солтүстік Америка және Еуропа елдерінің осындай конференциясы өтеді.

Бұдан кейін Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті Жан Лемьер сөз алып, Қазақстан мен банк арасындағы ынтымақтастыққа тоқталды. Банк басшысының айтуынша, Қазақстан экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Қазақстан жаһандық экономиканың бір бөлігі болып табылады. Қазақстан Президенті, Үкімет банк секторына баса көңіл бөлуде. “Қазына” және “Самұрық” компаниялары отандық және шетелдік инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Жан Лемьер экологияны сауықтыруға қатысты айта келіп, бұл мәселеде жергілікті атқарушы органдардың қоршаған ортаны қорғаудағы рөлі ерекше екендігіне тоқталды. Сондай-ақ ол көлік саласын дамыту бойынша банк Астана және Алматы қалалары әкімдіктерімен ойдағыдай байланыс орнатқандығын, Қазақстан энергетиканы тиімді пайдаланбайтындығын, оның мүмкіндіктері мен жолдары жетерлік екендігін де сөзіне арқау етті. Қазақстан электр энергиясын Қытайдан екі есе, Еуропадан 5 есе көп шығындайды. Банк президенті сөзінің қорытындысында Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамытуға банк тарапынан қолдау көрсетілетіндігін де жеткізді.

Отырыста Индустрия және сауда миинистрі Ғалым Оразбақов, Әділет министрі Зағипа Балиева және Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов экологияны сауықтыруға қатысты өз министрліктері тарапынан қолға алынып жатқан жұмыстар жөнінде хабарлама жасады. Мысалы, Ғалым Оразбақов осының алдында өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысындағы хаттаманың орындалуы туралы есеп берсе, Зағипа Балиева Кеңес жұмысы қызметіндегі заңнамалық мәселелерге тоқталды. Ал Нұрлан Ысқақов елдегі экологиялық жағдайларды жақсартуға бағытталған шараларды ортаға салды.

Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында “Шеврон” корпорациясының барлау және өндіру жөніндегі атқарушы вице-президенті Дж.Кирклан, “Тоталь Эксплорейшн энд Продакшн” компаниясының атқарушы вице-президенті И.Дарикарэр, “Eurasіan Natural Pesources Corporatіon PLC” компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы А.Машкевич, “Мицубиси Корпорейшн Интернэшнл Б.В” компаниясының президенті Т.Киджим, Азия Даму банкінің вице-президенті Л.Джин, “Лукойл” ААҚ президенті В.Алекперов, тағы басқа да Кеңес мүшелері сөз алып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шараларды қолдайтындықтарын, Қазақстанды тұрақты дамытуға негізделген ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.

Отырысты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қорытты. Елбасы бұл отырыстың нәтижелі болғандығын атап өтіп, тағы бір хаттамалық мәселені талқылау­ды ұсынды. Ол Шетелдік инвесторлар кеңесінің келесі отырысы қай күні, қай жерде өтетіндігі туралы еді. Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша Кеңестің келесі отырысы 2008 жылғы 6 маусымда Атырау қаласында өтеді деп белгіленді. Алдағы отырыста Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласын дамыту мәселе­лері талқыланатын болды.

Бұдан соң Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті Жан Лемьер отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, Шетелдік инвесторлар кеңесінің қорытындысы туралы хабарлама жасады. Журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.

Powered by Drupal - Design by artinet