ТҰРЛЫБАЕВ АЙДАРХАН

1877-1937

«Айдархан Тұрлыбаев, присяжный поверенный, заң ғылымына жетік, іскер адам... Айдархан 1-һәм 2-Госдумаға Ақмола облысынан депутат болуға лайық еді, ол кезде халық мұнан гөрі қараңғырақ болып, һәм Айдархан қарсыласы жуан ауылдан болғандықтан, марқұм Науан хазіреттің баласы депутат болып еді.» «Қазақ» газеті 1917, №245
Айдархан Тұрлыбаев. Өткен сандарда «Алашорда үкіметіне – 90 жыл» деген мақаламызда былайғы жұртқа онша мәлім емес Алашорда министрлері туралы, шамаға қарай, жекелей мәлімет беретінімізді жазған едік.
Бұл жолғы әңгімеміз Алашорда үкіметінің белді мүшелерінің бірі – Айдархан Тұрлыбаев туралы болмақ.
Ресей архивтерінен алдыртқан А.Тұрлыбаевтың жеке ісінде тігілген құжаттар бойынша, атап айтқанда, Көкшетау уезіндегі Мезгіл болысы Д.Мурзалиннің қолымен куәландырған метрикеде Айдархан 1877 жылы 25 тамызда Ақмола облысы, Көкшетау уезінің Мезгіл болысында туған. Әкесі – Шүменов Тұрлыбай да, шешесінің аты – Алтын.
1897 жылы Омбы гимназиясы, ал 1897-1902 жылдары Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде оқып бітірген. Кейбір деректерде (туыстарының) жазылғандай, Айдарханның гимназияны алтын медальмен бітірген дегені бекер сөз.
А.Тұрлыбаев гимназия мен университетті көрнекті Алаш зиялыларының бірі – Райымжан Мәрсековпен бірге оқып, бірге бітірген. Университет бітіргеннен кейін ол Омбыда адвокаттық қызмет қылып, присяжный поверенный болады. Омбыда 1937 жылы тұтқындалғанға дейін тұрады.
Төңкеріс жылдары қазақ қоғамындағы қоғамдық-саяси қозғалысқа белсене араласып, Қазақ елінің келешегі үшін келелі істер атқарады.
Патша өкіметі құлаған соң қазақ даласының аумағында жер-жерде ұлттық қозғалыс бел алып, ұлттық мәселелер көтеріле бастайды. 1917 жылы 25 сәуір - 5 мамыр аралығында Омбы қаласында өткен – 150 делегат қатысқан Ақмола облыстық қазақ съезі осындай қозғалыстың бірі болып табылады. Осы съезд туралы «Қазақ» газеті қызық дерек келтіреді. «Бұл съезд 5 дуан елдің білімді, басшы адамдарының басын қосқан еді... Ақмола съезіне келген адамдар ала-құла. Бір ел білгішін, бір ел ілгішін, бір ел өлеңші-ақынын жіберген... Осындай ақыны бар съезд қызықсыз болмайды ғой. Талай қызық болды» деп жазады. Бір қызығы, ол ақын кім екен?..
Сонымен, съезд төрағалығына Айдархан Тұрлыбаев, орынбасарлығына Асылбек Сейітов сайланады. Қазақ өлкесінде өткен басқа да қазақ съездеріндегідей, бұл съезде де дәурені өткен бұрынғы жергілікті билік тармағын таратып, земство енгізу, ана тілінде, жалпы, тегін оқыту, халықтың діни мұқтаждарын орындау мәселелері талқыланады. Әсіресе, жер мәселесі өткір қаралады. Жер үлесін бөлгенде Құрылтай жиналысының шешіміне сәйкес, алдымен қазақтарды қамтамасыз етіп, оған дейін Құрылтай жиналысы өткенше әлі ешкім қоныстанбаған, бірақ қазақтардан тартып алынған жерлерді өздеріне қайтарып беру мәселесін қойып талқылайды. Осы съезде А.Тұрлыбаев Ақмола облыстық қазақ комитетінің төрағалығына сайланады.
1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынборда өткен жалпы қазақтық съезде Алаш партиясы атынан Ақмола облысынан бүкілресейлік Құрылтай жиналысының депутаттығына ұсынылады да, әмбе бүкілресейлік мұсылман съезі Шора-и-Исламға өкіл болып сайланады.
1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен жалпы, қазақтық съезде Жалпы қазақтың Халық кеңесіне – Алашордаға мүше болып, Ақмола облысынан сайланады, яғни қазіргіше айтқанда, Алашорда үкіметінің министрі болады.
Азамат соғысы жылдары Қазақ елінің тағдыры, оның болашағы үшін басқа да ұлтжанды ел азаматтары сияқты бір кісідей еңбек сіңірді.
Семейде бір Алаш полкін ұйымдастыруға Х.Ғаббасов, М.Тынышпаев, Б.Мәметовтармен бірге А.Тұрлыбаев та тікелей ат салысты.
1919 жылы 11 ақпанда Омбы қаласында Колчак үкіметінің ішкі істер министрінің жолдасы (орынбасары) П.Ф.Коропачинскийдің төрағалығымен өткен «Қазақ-қырғыз халқының әкімшілік-шаруашылық құрылымы туралы мәселе» жөніндегі ведомствоаралық алдын ала өткен мәжілісіне Алашорда үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейхановпен бірге оның мүшелері У.Танашев пен А.Тұрлыбаев та қатынасты.
Кеңес кезеңінде Омбы қаласында заң орындарында қызмет жасап, әр түрлі мекемелерде заң мәселелері жөнінде кеңесші болады.
Кеңес өкіметі А.Тұрлыбаевты қуғын-сүргінге ұшыратып, 1934 жылы түрмеге қамап, онда 6 айдай отырады. Кейін 1937 жылы қайтара тұтқындайды. Содан қайтпайды.
Ұрпақтары бар. Сөз соңында бір дерек. Ұрпақтарының айтуынша, Айдархан мен Қажымұқан балуан жақсы араласып тұрса керек. Қайран азаматқа «халық жауы» деп пәле жабылғанда бұрынғы араласып жүрген таныстары оның отбасына жоламағанда жалғыз осы Қажымұқан ғана келіп, халдерін біліп, еңкілдеп жылаған екен. Балуан кейін өзінің бір баласының атын Айдархан деп қойғаны, есіл ерді қаншалықты қадір тұтқанын көрсетсе керек.

Powered by Drupal - Design by artinet