Мұхаметжан Тынышпаев

«Мұхаметжан Тынышпаев – ІІ Государственный Дума ағзасы, инженер. Саясат ісіне жетік, халыққа таза жолмен қашаннан қызмет етіп жүрген алдыңғы қатарлы зиялы азамат». «Қазақ» газеті
Қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алашорда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері.
1879 жылы 12 мамырда Жетісу облысы, Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысының Ешкіөлмес тауының маңайында (қазіргі Қабанбай ауданы) дүниеге келген.
1889-1900 жылдары Верный ерлер гимназиясында оқып, оны үздік бітіріп шығады.
1900-1906 жылдары Санкт-Петербургтегі І Александр атындағы жол қатынасы инженерлерін даярлайтын институтта оқып, бітіреді.
Институт қабырғасында оқып жүрген кезде-ақ ол туған халқының, мұңын мұңдап, жоғын жоқтап баспасөзде уытты мақалалар жариялайды және әр түрлі жиындарда сөз сөйлейді.
Осындай бір жиында 1905 жылы 19 қарашада өткен автономшылар одағының 1 съезінде ол баяндама жасайды. Онда ол «Қазақтардың жер мәселесі – сөзсіз аса маңызды... Үкіметтің нені көздеп отырғаны түсінікті: біріншіден, ... қазақтарды дербес ұлт ретінде жою және бүкіл өлкені орыстандыру; екіншіден, қазақтарды ... қауқарсыз тобырға айналдыру; үшіншіден, ...ежелгі атақонысынан айыру... қандай қанқұйлы, зымиян мақсат?!» – деп өткір сөйлейді.
1907 жылы ІІ Мемлекеттік Думаға Жетісу облысынан депутат болып сайланады.
ЖОО бітірген соң Орта Азия өңірі мен Жетісу теміржол құрылысында инженер болып қызмет істейді.
1916 жылғы көтеріліс туралы Түркістан генерал-губернаторына берген түсініктеме нұсқасында оны кеңінен толғап, отаршылдық зорлық-зомбылық қимыл-әрекеттеріне қысқаша шолу жасауы – тобықтай түйіндеп айтылған зор ғылыми еңбек болып табылады.
Ақпан төңкерісінен соң ол Уақытша өкіметтің Жетісу облыстық комиссарының орынбасары болып тағайындалады. Алаш қозғалысына белсене араласады.
1918 жылы Түркістан (Қоқан) автономиясының премьер-министрі.
1917 жылы шілдеде өткен Жалпы қазақтық съезде Жетісу облысынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылады.
1917 жылы қазан айында Том қаласында өткен Жалпы Сібірлік съезге өзге алаш қайраткерлерімен бірге қатысып, Сібір кеңесінің құрамына енгізіледі.
Сол жылғы желтоқсанда өткен Жалпықазақтық съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланып, кейін Алашорда үкіметінің төрағасының орынбасары ретінде көптеген заң актілеріне қол қояды.
Азамат соғысы жылдары ол халықты еріксіз лаңға ұшыратудан және алаш сарбаздарын бос қантөгістен аман сақтау жолында көп еңбек етеді. Осы бағытта кейін Кеңес өкіметімен де келіссөз де жүргізеді.
Жетісу аймағындағы қазақтарды ашаршылықтан, әр түрлі апаттардан құтқару үшін материалдық көмек те ұйымдастырады. Сонда жиналған 22 лау көмекті 1918 жылы Семейден Жетісудағы Романовка кентіне жеткізеді. 1918 жылдары Алашорда үкіметінің басшыларымен бірге сол кезде бірінен соң бірі құрылып жатқан көптеген әр түрлі үкіметтермен (Уақытша Сібір үкіметі, Уфа директориясы, Колчак үкіметтері сияқты) келіссөздер жүргізіп, хат-хабар жазысады. Мақсаты: Алашорда, қазақ елдігінің тағдыр-талайы туралы.
Кеңес кезеңінде әр түрлі деңгейдегі шаруашылық қызметтерде болады. 1925-1926 жылдары жаңа астана Қызылорда қаласын көріктендіру жүйесінің бас инженері болып тұрғанда қаланы сумен қамтамасыз ету жолын және көптеген жаңа объектілер салу туралы ұсынады. Сталиндік зобалаңда ол 1930 жылы 3 тамызда тұтқындалып, бес жылға сотталып Воронежге жер аударылады. Онда ауырып, оралғанымен 1937 жылы қайта тұтқындалады да, 1938 жылы Ташкент түрмесінде атылады.

Powered by Drupal - Design by artinet